Павлодарда тіл туралы мүшәйраның жеңімпаздары анықталды

Павлодарда тіл туралы мүшәйраның жеңімпаздары анықталды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Ұйымдастырушылар қатысушыларды да құр қайтарған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамуты орталығында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Тілдер айлығы» асында облыстық жас ақындардың арасында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты байқау өтті. Жыр додасына 16-25 жас аралығындағы ақындар қатысты.

–  Қатысушылар мамандық, география  және  жас жағынан да әртүрлі болды. Бұған дейінгі мүшәйралармен салыстырғанда деңгейдің өскені байқалады. Қазылар алқасында да қалыптасқан ақындар, елге танымал азаматтар отырды, – дейді қазылар алқасының мүшесі Асыл Әбіш. 

Байқаудың ақтық мәресіне облыстың түпкір-түкпірінен жиналған ақындар іріктеліп, лайықты деген 13 ақын таңдап алынды. Жас ақындардың арасында Ә. Марғұлан университетінің студенті Есенкелді Жәнібек азулы өлеңімен көзге түсіп, жүзден жүйрік атанды. 

– Бұл өлең жүректен шыққаннан соң, жүрекке жете білді деген ойдамын. Мұндай өлеңдерден бөлек, лирика тақырыбына жыр арнағанды ұнатамын. Лирика – жаныма жақын тақырып, – дейді Есенкелді Жәнібек. 

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды және 150 мың теңгелік сертификатты Есенкелді Жәнібек алса, екінші орынды және 125 мың теңгені Железин ауданы, Т.П.Праслов атындағы Прииртышск орта мектебінің ұстазы Сәния Мұқанова иеленді. Жүлделі үшінші орын және 100 мың теңгелік сертификат Торайғыров университетінің студенті Сара Авдолға бұйырды.