Павлодарлықтар өзіне көрсетілген медициналық көмекті қалай тексере алады?

Павлодарлықтар өзіне көрсетілген медициналық көмекті қалай тексере алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Емхана көрсеткен қызмет пен нақты алған ем сәйкес келмесе, оны eGov арқылы тексеруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлықтар өздеріне көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты eGov mobile қосымшасы арқылы тексеріп, сәйкессіздік анықталған жағдайда тиісті органдарға өтініш жолдай алады. «Халықтық бақылау» цифрлық сервисі арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ел азаматтарынан 6,3 мың өтініш түскен.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, медициналық қызметтердің ашықтығын арттыруға бағытталған «Халықтық бақылау» цифрлық сервистерін дамытуды жалғастырып келеді.

Сервис азаматтарға өздерінің медициналық қызметтер тарихымен танысып, көрсетілген көмектің нақты алынған-алынбағанын тексеруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, eGov mobile қосымшасындағы «Денсаулық» бөлімінің «Медициналық қызметтер тарихы» қызметі арқылы пайдаланушылар өздеріне көрсетілген медициналық көмектің атауын, көрсетілген күні мен уақытын, сондай-ақ оны қаржыландыру көзін көре алады.

– Бұл мүмкіндік медициналық ақпараттағы сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтауға жол ашады. Мәселен, азаматтың медициналық картасында өзі алмаған қызмет көрсетілгені туралы мәлімет болуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Осындай жағдайларды байқаған пайдаланушылар «Халықтық бақылау» сервисі арқылы қорға өтініш жолдай алады. Қазіргі уақытта келіп түскен өтініштер бойынша тиісті тексерулер жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижесіне қарай қажетті шаралар қабылданады.

Қалай тексеруге болады?

– eGov mobile қосымшасына кіріңіз. 

– «Денсаулық» бөлімін ашыңыз.

– «Медициналық қызметтер тарихы» бөліміне өтіңіз.

– Көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты тексеріңіз.

– Егер өзіңіз алмаған қызмет тіркелгенін немесе басқа сәйкессіздікті байқасаңыз, «Халықтық бақылау» сервисі арқылы өтініш жолдаңыз.

Цифрлық сервистің негізгі мақсаты – медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және медициналық ұйымдардың жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту.