Павлодарлықтар экобұзушылықтар туралы цифрлық сервис арқылы жиі хабарлай бастады
Жыл басынан бері тұрғындар полицияға мыңнан астам өтініш жолдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, азаматтар eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы полицияға мәтіндік хабарлама немесе бейнежазба жолдай алады. Барлық өтініштер жедел түрде тіркеліп, тексеру үшін полиция қызметкерлеріне жіберіледі.
Жыл басынан бері сервисті 1292 тұрғын пайдаланған. Оның ішінде 605 өтініш eGov Mobile, 397-сі Kaspi.kz, 245-і «Омниканальность» мобильді қосымшасы және 18-і Halyk Bank қосымшасы арқылы түскен.
– «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық акция емес, бұл – тазалық идеологиясы. Цифрлық сервис азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға, ал полицияға келіп түскен хабарламаларға дереу ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды тиімді әрі қолжетімді етеді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Ведомствода атап өткендей, биыл облыста абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, тұрғындардың бірі «Омниканальность» қосымшасы арқылы Астана көшесі, 7 мекенжайындағы саябақта белгісіз адамдардың қоқыс қалдырғаны туралы хабарлаған. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтар туралы уақытылы хабарлау қоғамдық тәртіпті сақтауға және өңірдегі қауіпсіздікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.