Павлодарлық қоғам белсендісі: Президент көтерген мәселелер халық үшін өзекті

Ол Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, облыстық «Полония» поляктар қоғамының мүшесі Людмила Штыренкова Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарды қолдап, өз пікірін білдірді.
– Жолдау алдағы уақытта да талқыланып, жан-жақты ой елегінен өтеді. Маған ең ұнағаны – Қазақстанды цифрландыру мәселесіне баса назар аударылуы. Бұл – жастардың, жаңа буынның болашағы. Өйткені еліміздің ертеңі олардың қолында, – деді ол.
Сонымен қатар, қазақстандық өнімді көбейтіп, оны шетелдік нарықтарға шығару қажеттігі туралы айтылғаны да көңілінен шыққан. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселесі оның өз өмірімен тығыз байланысты.
– Өзім 53 жылдық тарихы бар ескі үйде тұрамын. Бұрынғы пәтер иелерінің кооператив жұмысы нәтижесіз болып, үйлеріміз уақыт өте тозды. Биыл мен өз үйімде мүлік иелерінің бірлестігін құрғандықтан, жауапкершілік бірден иығыма түсті. Сондықтан бұл бастамаға қуана қолдау білдіремін. Үйімізді жаңғыртуға көмек көрсетілетініне сенемін, – деді Людмила Штыренкова.
Президент Жолдауында айтылған әрбір бастама қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын айтты. Оның пікірінше, бұл құжат ел азаматтарын ойлануға ғана емес, нақты әрекет етуге де жетелейді.