Павлодардағы колледж студенттері ПМЗ жұмысымен танысты
«ERG Service» ЖШС Павлодар машина жасау зауытында студенттер үшін ашық есік күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ашық есік күні аясында павлодарлық колледж студенттеріне зауыттың жұмыс цехтарына экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер зауыттағы көпірлі кранның жасалу барысымен танысты.
Торайғыров университетінің жоғарғы колледжінің 2-курс студенті Дарын Қанат болашақта дәл осы зауытқа жұмысқа тұрғысы келетінін жасырмады.
- Менің оқып жатқан мамандығым – электрик. Бүгін бізге білдектерді, басқа да құрал-жабдықтардағы жұмысты көрсетті. Павлодардың зауыттары көпке белгілі. Біз басқа зауыттарға да бардық. Бірақ мен болашақта осы ERG Service зауытына жұмысқа тұруды жоспарлаудамын. Өйткені бұнда жақсы жағдай жасалған. Зауыттарда электрик өте қажет. Көп жұмыс электрикке байланысты, - деді Дарын Қанат.
Экскурсия барысында студенттерге крандардың бояйтын цех көрсетілді. Сондай-ақ қонақтар крандарды дайындау барысында ауыр металдарды дәнекерлеу цехына да барды. «Дәнекерлеу» мамандығымен оқитын студенттер бұндағы жұмыстың ауқымдылығын көріп таңданды.
- Колледжімізде дәнекерлеуге арналған жеке корпус бар. Бірақ онда қолмен дәнекерлеу жұмыстары жүреді. Бұл зауытта автоматты дәнекерлеу құрылғысы да бар. Ол басқаша екен. Бұнда қызықты құрал-жабдықтар көп. Бірінші рет осындай экскурсияға кеп тұрмын. Жақсы әсер алдым. Келесі жылы осында тәжірибеден өтуге келгім келеді, - дейді Павлодар түсті металлургия колледжінің 2-курс студенті Илья Горлов.
Студенттерді әкелген Павлодар политехникалық колледжі директорының тәжірибе бойынша орынбасары Николай Губин бұндай шаралар кәсіптік бағдарлау үшін өте қажет екенін атап өтті.
- Экскурсия кәсіби бағдарлау үшін және мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгін 2-курстың студенеттері келді. Өйткені олар биыл күзде осы кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Жастар осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға ниетті, - деді Николай Губин.
ERG Service Павлодар машина жасау зауытының техникалық жетекшісі Ерлан Омашев кәсіптік бағдарлау мақсатында павлодарлық колледждермен серіктестік орнатқандарын айтты.
- Бұндай ашық есік күндері тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Осы арқылы студенттер зауыттың ішкі тірлігін, ұжымды, жабдықтарды өз көзімен көре алады. Бұдан басқа студенттер бізде тәжірибеден өтіп тұрады. Жыл басынан бері колледждердің 50-ден астам студенті тағылымдамадан өтті, - деді Ерлан Омашев.
Ерлан Омашевтың айтуынша, зауытта тәжірибеден өту кезінде студенттер машина жасау технологиясын, дәнекерлеу жұмысын, жабдықтар мен механизмді меңгереді. Тәжірибе уақытында студенттерге тәлімгерлер бекітіледі. Сұрақтар туындаса тәлімгерінен барлығын сұрап, біліп алады.
Сондай-ақ тәжірибеден өту кезінде жақсы жағынан көрінген студенттер зауытқа жұмысқа орналастырылады.
Оразбек Саяхат
Фото: «ERG Service» ЖШС корпоративтік коммуникациялар қызметі