Павлодарлық аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске түскенін қалай анықтай алады?

Павлодарлық аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске түскенін қалай анықтай алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдағы «аналар бәріне төзуі керек» деген теріс түсінік ұйқысыз түндер мен жалғыздық – бұл жағдайды ушықтыра түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Босанғаннан кейінгі кезең – әрбір әйелдің өміріндегі күрделі әрі ерекше кезеңдердің бірі. Бұл уақытта ананың организмі мен психикасы үлкен өзгерістерге ұшырайды. Өкінішке орай, осы кезеңде әйелдердің біраз бөлігінде түрлі психикалық бұзылыстар пайда болуы мүмкін. Олардың алдын алу үшін, ең алдымен, себептерін түсініп алу маңызды.

Психикалық бұзылыстар әсер ету тереңдігіне және әйелдің күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететініне байланысты үш негізгі топқа бөлінеді:

Бірінші кезекте, босанғаннан кейінгі хандра. Бұл – эмоционалды тұрақсыздықтың жеңіл түрі, жаңа өмірге бейімделудің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Көбіне босанғаннан кейінгі үш немесе бес күнде пайда болып, екі аптаға дейін созылады. Статистикаға сүйенсек, 50-80 пайыз әйел осы жағдайды бастан кешеді. Белгілері: жиі жылау, көңіл-күйдің күрт өзгеруі, ашуланшақтық, мазасыздық, шаршау, әлсіздік, эмоционалды жараланғыштық. Ал емдеу жолдарына келетін болсақ, медикаментозды ем қажет емес. Ең бастысы – жанұяның қолдауы, тынығу, психологпен жұмыс.

Екінші кезеңде, босанғаннан кейінгі күйзеліс. Бұл – босанудан кейінгі төрт немесе алты аптада немесе 12 айға дейін дамуы мүмкін күрделі психикалық бұзылыс. Ондай жағдай 10 – 20 пайыз әйелдерге тән.

Белгілері: ұзақ уақыттық көңіл-күйдің түсіңкі болуы, апатия, бала мен өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, ұйқы және тәбеттің бұзылуы, өзін кінәлі сезіну, шаршағыштық, уайымшылдық, өлім туралы ойлар. Емдеу жолдары: тек психиатр маманның көмегімен, қажет болған жағдайда стационарлық ем жүргізіледі.

–  Босанғаннан кейінгі күйзеліс – бұл әйелдің әлсіздігі емес, бұл – медициналық көмек қажет ететін нақты ауру, – дейді Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары  Виктория Ефимова.

Ең ауыры – үшінші форма. Ол, босанғаннан кейінгі алғашқы апталарда басталады. Бұл кезде әйелде: галлюцинациялар, бредтік ойлар, агрессия немесе тежелу, ұйқының мүлдем болмауы байқалады.

Жиілігі – әр бір мың әйелден бір немесе екі адам кездеседі, ол дегеніміз – 0,1 – 0,2 пайызы. Емдеу жолдары: міндетті түрде психиатриялық стационарда ем жүргізіледі. Кейбір жағдайларда әйел өзінің күйзелісте жүргенін аңғармауы мүмкін. Мұндайда жақындарының көмегі мен қолдауы ерекше маңызды. Әйел ішкі күйзелістің тұңғиығына батып, сыртқы әлемнен ажырап қалады.

–  Күйзеліс деген  айтып келмейді. Әйел адам қалай күйзеліске түскенін өзі де байқамай қалады. Ішкі әлеміне кіріп, жалғыздық пен шаршаудан  тығырыққа тіреледі. Мұндайда психолог қана емес, ең алдымен жақындарының қамқорлығы аса маңызды, – дейді облыстық мамандар.

Ең ауруға шалдығатын адамдар тобына: тұқымында психикалық аурулар болған әйелдер, ауыр босанған немесе мерзімінен бұрын босанғандар, жалғызбасты аналар, ұйқының ұзақ уақытқа бұзылған жағдайында, жанұялық қолдаудан тыс, қиын жағдайда қалған әйелдер.

Қазақ қоғамында көп жағдайда: «біздің аналарымыз он баланы туды, ешқандай күйзеліс болған жоқ» деген сияқты пікірлер айтылады. Бұл қазіргі қоғамда ескіріп қалған пікір деп есептеледі. Бүгінгі таңда әйелдерге артылар жүк те, әлеуметтік қысым да өзгеше. Депрессия – бұл әлсіздік емес, бұл – емделуі тиіс ауру.

Қазақстанда әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында психолог пен психиатр маманы бар. Егер босанғаннан кейінгі кез келген белгілер байқалса, әйелдің өзі немесе оның жақындары міндетті түрде маманға жүгінуі тиіс.

Павлодар облысы бойынша жыл сайын бес немесе жеті әйел босанғаннан кейінгі психикалық бұзылыстар бойынша психиатриялық ем қабылдайды. Бұл көрсеткіш, өкінішке орай, толық көріністі бермейді, өйткені көптеген әйелдер көмекке жүгінбей жүреді.

–  Бала туылғаннан кейін, әйелге түсіністік таныту, баламен бір, екі сағатқа болса да көмектесу, мейірімді сөздермен қолдау білдіру, қауіп белгілерін байқап, әрекет ету, маңызды болып табылатын дүниелер, – дейді Виктория Ефимова.

Босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдің психикалық денсаулығы ерекше назарда болуы керек. Бұл тек ананың ғана емес, сәбидің де, отбасылық өмірдің де сапасына тікелей әсер етеді. Уақытында көмек көрсетілсе, әйелдер бұл қиын кезеңнен сәтті өтеді.