Павлодарлық дәрігерлер биіктен құлаған екі студенттің жағдайын айтты

Павлодарлық дәрігерлер биіктен құлаған екі студенттің жағдайын айтты
Фото: pexels.com

Олар балалар ауруханасының травматология бөлімшесінде ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кезекші анестезиолог-реаниматолог, травматолог, ЛОР дәрігерлері, окулист кәмелетке толмаған екі қызды тексерген.

– 17 жасар қызға бас сүйегінің жабық жарақаты, миының шайқалуы, бел омыртқасының созылуы, оң жақ тізе буынының жарақаты диагноздары қойылды. Ал 16 жасар қызда 11-12-ші кеуде омыртқаларының бірінші дәрежелі сынуы анықталды. Олардың жағдайы орташа деп бағалануда, – деді басқармада.  

Науқастарға барлық қажетті емдеу және диагностикалық шаралар жүргізілуде. 

Сондай-ақ, Екібастұзда үшінші қабаттан құлаған ер адам екі білегін сындырып алған. Ол миының шайқалуы, кеуде жарақаты, жамбас сүйектерінің сынуы диагноздарымен травматология бөлімшесінде жатыр.

Еске сала кетейік, сағат 01:15-де екі кәмелетке толмаған колледж студенті төртінші қабаттың терезесінен құлаған. Олар төсек жаймамен жерге түспек болған.