Павлодарда аптап ыстыққа байланысты аттракциондар тек кешкі уақытта жұмыс істейді
Мұндай шара қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» мәліметінше, 23 маусым күні облыстың оңтүстігінде ауа температурасы +41 градусқа дейін жетеді. Ал облыс орталығы – Павлодарда күндіз ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін көтеріледі.
Осыған байланысты 23 және 24 маусым күндері қалалық бақтағы аттракциондардың жұмыс кестесіне уақытша өзгеріс енгізілді. Енді аттракциондар келушілерді тек кешкі уақытта – сағат 17:00-ден 20:30-ға дейін қабылдайды.
Әдеттегі күндері аттракциондар сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал демалыс және мереке күндері жұмыс уақыты 10:00-ден 21:00-ге дейін.
Айта кетейік, биыл аттракцион билеттерінің құны өзгерді. Ересектерге арналған аттракциондардың басым бөлігінде билет бағасы 700 теңгені құрайды. Бұл бағаға «Айналма дөңгелек», «Тізбек», «Түймедақ», «Тікұшақтар» және «Көңілді сырғанақтар» аттракциондары кіреді.
10 жасқа дейінгі балалар үшін билет құны – 300 теңге. Ал бес жасқа дейінгі балалар аталған аттракциондарға тегін кіре алады.
Балаларға арналған «Күншуақ», «Юнга», «Көңілді карусельдер» және «Балалар каруселі» аттракциондарының билеті 300 теңге тұрады.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында қатты ыстықтың салдарынан жедел жәрдем жұмысы күрделене түсті. Дәрігерлердің пайымдауынша, жаз мезгілінің басталуымен шақыртулар саны 15-20 пайызға көбейген. Әсіресе күннің ең ыстық уақыты – сағат 12:00 мен 16:00 аралығында көшеде денсаулығы нашарлаған тұрғындардан қоңыраулар жиі түседі.
Синоптиктердің сөзінше, Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарын шілдеде аптап ыстық пен найзағай күтіп тұр. Мамандардың мәліметінше, айлық орташа ауа температурасы +20,7...+22,3°C шамасында болады. Бұл көпжылдық климаттық нормаға сәйкес келеді.