Павлодарлық интеллектуалдар зияткерлік сайыста үздіктер қатарынан табылды

Павлодарлық интеллектуалдар зияткерлік сайыста үздіктер қатарынан табылды
Фото: «JEBE» қоғамдық бірлестігі

Қатысушылар жастар арасында Абай мұрасын насихаттауды көздеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Abai Quiz республикалық зияткерлік сайысы өтті. Павлодар атынан қатысқан «JEBE» командасы жеңімпаздар қатарында болды. Сайысқа Семей, Өскемен, Астана, Алматы, Тараз, Ақтау қалаларынан 180 команда, 1000-нан астам адам қатысты. 

Ереже бойынша үздік 10 команда жеңімпаз атанады. Павлодарлық «JEBE» командасы 180 команданың ішінен 6-орын алып, 200 мың теңге сыйақы иемденді. 

Сайыс 8 бөлім, 60-қа жуық сұрақтан тұрды. Сайыстың басты тақырыбы — Абай Құнанбайұлының мұрасы: шығармашылығы, қара сөздері мен өмірбаяны. Осылайша, «жебеліктер» ақын еңбектерін терең түсініп, хәкім әлемін жоғары деңгейде танығанын дәлелдеді.  

Павлодардағы ұлттық мәдениет, руханият бағытындағы жобалармен танымал «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен республикалық зияткерлік қозғалыс өкілдерінің арасында Ернар Сейтахмет, Оразбек Бахытхан, Серік Селеубайұлы, Данияр Саржар, Рамазан Аман, Әлішер Әли болды.