Павлодарлық медбике қарттар үйіндегі зейнеткерлерді жылатқан
Ол қариялардың ақшасын қолды қылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Былтырғы жылдың күзінде Павлодар облысының қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының медбикесі екі зейнеткердің ақшасын ұрлаған. 24 жастағы қыз зейнеткерлердің банк карталарын пайдаланып, 250 мың теңге көлемінде ақша жымқырған. Полицейлер сотқа дейінгі тергеуді ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (Ұрлық) бойынша жүргізді. Кейіннен іс Павлодар қаласы №2 сотына түскен.
– Сот талқылауына дейін жәбірленушілер тарапынан сотталушымен татуласуға байланысты істі тоқтату туралы жазбаша өтініштер түсті. Залал толығымен өтелді. Жәбірленушілердің сотталушыға шағымдары жоқ, – делінген Павлодар қаласы №2 сотының қаулысында.
Сотталушының жәбірленушімен татуласуына байланысты іс тоқтатылды.