Павлодарлық кәсіпкер: «Шағын цехтан ірі кәсіпорынға дейін өстік»

Павлодарлық кәсіпкер: «Шағын цехтан ірі кәсіпорынға дейін өстік»
Фото: Константин Шелков

Кәсіпорын арнайы киім тігу және аяқ киім, жеке қорғаныс құралдарын сату нарығында аймақта көшбасшы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«КазПрофБезопасность» ЖШС 2006 жылы құрылған.  Бүгінгі таңда кәсіпорын кешенінде  өндірістік блок, сауда-коммерциялық бөлім және көлік қоймасы бар. Онда 50-ге жуық тігінші және 15 адамнан тұратын әкімшілік қызметкерлер жұмыспен қамтылған. 

– Біз жұмысты 2006 жылы Кенжекөл ауылында бастадық, – дейді кәсіпорын директоры Данияр Алпысбаев. – Басында шағын цех болды. Бір жылдан кейін Павлодар қаласында 200 шаршы метр ғимаратты жалға алдық. 2018 жылы «Даму» қорының қолдауымен қала орталығындағы  2000 шаршы метр аумағы бар ғимаратты толығымен сатып алдық. Тігін өндірісінен басқа, бізде жалға беру бизнесі бар. 

Компания «Павлодарэнерго», «Тепловые сети», «Астана энергосбыт», «Самұрық Қазына», «Богатырь-Көмір», «ГРЭС-1» сияқты  тағы да басқа ірі, шағын кәсіпорындарға өнімдерін сатады. Павлодар облысының кәсіпорындарынан басқа, Астана, Батыс Қазақстан және мемлекеттік кәсіпорындарға өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ тендер бойынша жұмыс істейді.

– Өндірісімізде сатылымның өсуі, өндірістің ұлғаюы жыл сайын байқалады, – деді Данияр Алпысбаев. – Себебі біз өнім ассортиментін кеңейтеміз, арнайы киімнің жаңа модельдерін әзірлеп, бұрыннан барларын жаңартамыз. Осылайша киімнің қорғаныс, гигиеналық, пайдалану және эстетикалық сипаттамалары артады. Жылына таза өндіріс бойынша табыс 200-300 миллион теңгені құрайды.

Кесу және тігін цехтарының барлық қызметкерлерінің арнайы және орта білімдері бар. Көптеген қызметкерлердің тәжірибесі 15 жылдан асады. Өнімдерді дайындау процесі заманауи жабдықта жүзеге асырылады.

«КазПрофБезопасность» ЖШС-нің барлық дайын өнімі сертификатталған және белгіленген сапа стандарттарына сәйкес келеді.

Айта кетерлігі, компания 2023 жылы  «Даму» қорының көмегімен өндірістің едәуір ұлғаюына байланысты айналым қаражатын толықтыру үшін, яғни шикізат пен материалдарды сатып алуға несие алған.