Павлодарда «Jailau» базарында жұмыс күндері де литрлеп сүт сатылатын болды
Осы арқылы демалыс күні қалыптасатын ұзын-сонар кезекті қысқартпақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов мәлім етті.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен «Jailau» базарында ыдысқа құйып беретін сүтті тек демалыс күні емес, жұмыс күндері де сатуға шығару жоспарланған. Ауыл шаруашылығы басқармасының көмегімен ол сүтті кім жеткізетінін анықтадық. Тауарлы сүт фермаларымен жолықтық. Бәрі жақсы болса, келесі аптадан сатуды бастаймыз, – деді Бек Оразғұлов.
Оның айтуынша, сүт сақтайтын 2 мың литрлік танкер орнатылған. Сүттің сатылатын бағасы әлі бекітілмеген. Дегенмен, нарықтағы бағадан төмен болмақ.
Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев осы арқылы демалыс күндері базарда сүт алудағы ұзын кезекті қысқарту көзделгенін айтады. Тұрғындардан сенбілік жәрмеңкеде 3-4 машина саудалайтын сүт жетпей қалатыны туралы шағым түскен.
Фото: ашық дереккөздерден