Павлодарлық көкпаршылар Қазақстан чемпионатында төртінші орын алды

Павлодарлық көкпаршылар Қазақстан чемпионатында төртінші орын алды
Фото: Татьяна Сартакова

Қола жүлде үшін өткен бәсекеде өңір құрамасы Шымкент командасына 4:6 есебімен жол берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Көкпар федерациясының мәліметінше, Павлодарда жастар арасындағы көкпардан XX Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Ертіс-Павлодар» ипподромындағы мерейтойлық додаға Шымкент қаласы мен еліміздің 13 облысынан командалар қатысты.

Өңір құрамасы жарыстың шешуші кезеңдеріне дейін жетіп, қола медаль үшін Шымкент көкпаршыларымен кездесті. Ойын барысында алаң иелері есепте алға шыққанымен, қарсылас кейін таразы басын теңестіріп, нәтижесінде 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Павлодар құрамасының ойыншысы Диас Төлеу командаға мұндай деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жетіспегенін айтты.

– Ойын жақсы өтті. Шымкент қаласы өте жоғары дайындықпен келген. Бізге сәл тәжірибе жетіспеді. Бұл – біздің алғашқы чемпионатымыз. Осындай дәрежеге жеткізген командаластарыма, ағайларыма рақмет айтамын. Жоғары деңгейдегі ойын болды, – деді Диас Төлеу.

Ол павлодарлық көкпаршылардың бұл нәтижемен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

– Әлі ораламыз, дәлелдейміз. Павлодарда, Кереку өңірінде, Солтүстікте көкпар бар екенін дәлелдеуге тырысамыз. Біз тоқтамаймыз, – деді спортшы.

Қола жүлдені иеленген Шымкент құрамасынан Жанболат Ақбай төрт салым салды. Сатбай Зұлбұхар мен Ерболат Айтуған бір-бір салымнан еншіледі.

Чемпиондық атақ Алматы облысына бұйырды. Финалда алматылықтар Түркістан облысын 9:5 есебімен жеңді. Осылайша Түркістан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Үздік төрт команда ақшалай сертификаттармен марапатталды. Алматы облысы 5,25 миллион теңге, Түркістан облысы үш миллион теңге, Шымкент 2,25 миллион теңге алды. Төртінші орын алған Павлодар облысының құрамасына 1,5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Бұған дейін Көкпар федерациясының ресми өкілі Сәкен Сейітхан павлодарлықтарды жүлдеге үміткер құрамалардың қатарында атаған еді. Оның айтуынша, өңір көкпаршылары соңғы екі жылда ересектер, жасөспірімдер және жастар арасындағы республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Жастар арасындағы XX Қазақстан чемпионатына 2006–2008 жылдары туған, 18–20 жастағы спортшылар қатысты. Жарыста көрсетілген нәтижелер ұлттық құраманы жасақтау кезінде де ескеріледі.

Фотосуреттерді ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұсынды