Баянауылдық аналар ұйымының төрағасы: Ырым-тыйымның тәрбиелік мәні зор
![Баянауылдық аналар ұйымының төрағасы: Ырым-тыйымның тәрбиелік мәні зор](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202501/image_750x_6799dcd712877.jpg)
Халқымыз ырым-тыйым арқылы жат әдеттерден тыйып, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескертіп отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Баянауыл ауданындағы филиалының төрағасы, 40 жыл мәдениет саласында қызмет атқарған мәдениет саласының үздігі, режиссер-ұстаз, сценарист-ақын Мәшім Жамбы ырым-тыйымдардың бала тәрбиесіндегі орны жайлы айтып берді.
– Ырым-тыйым – ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең дүние. Ырымдар халықтың өмірінің әр саласында көрініс табады. Бұл сенімдер өмірлік жағдайларға, әлеуметтік оқиғаларға және табиғат құбылыстарына байланысты пайда болған, – дейді Мәшім Жамбы.
Ардагер ұстаздың айтуынша, ырым – халықтың наным-сенімдері мен өмірлік тәжірибелеріне негізделген, белгілі бір іс-әрекеттердің болашақтағы оқиғаларға әсер ететіндігіне сенетін ұғым. Ал тыйым – адамдарға қоғамның моральдік, этикалық және әлеуметтік нормаларын бұзбауға, өмірдегі кейбір теріс қылықтардан сақтануға бағытталған қағидалар. Тыйымдар қоғамдағы тәртіпті сақтау, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қорғау және жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалады.
Тыйымдар жеке адамның мінез-құлқын жақсартып, адамдар арасындағы сыйластық пен құрметті арттыру үшін қызмет етеді деп сенетін зейнеткер немерелеріне ырым-тыйымдардың түрлері мен пайдасын айтып отырады.
– Мысалы, бас киімді кез келген жерге тастауға болмайды. Оны биікке іліп, қадірлеу керек. Бас киімді дұрыс ұстамау адамның басына ауыртпалық әкеледі деп саналады, – деп түсіндірді Мәшім Жамбы. – Бас киім бөтен адамға берілмейді. «Адам басы кемиді» деп сеніп, бас киімді айырбастамайды.
Зейнеткер күнделікті дастархандағы нан – халқымыз үшін ең қасиетті тағамы екенін еске салды.
– Нанды басу, оны лақтыру – үлкен күнә. Нанды жерге төңкеріп қоюға болмайды. Бұл берекенің кетуіне әкеледі деп ұйғарылады, – дейді ол.
Сондай-ақ қазақ халқы түнде үй сыпырмайды және сыпырындыны төкпейді. Себебі, сыпырындының маңайына жын-шайтан жиналады деп қорқады. Сондықтан үйді тек күндіз сыпыру керек деп ырымдайды. Ұлтымыз үшін оң қолмен ас ішу, оң қолмен амандасу – құт пен береке шақыру белгісі. Бұл «ісіміз оң болсын, ырысымыз артсын» деген ізгі ниетті білдіреді. Ал бүйірді таяну – көбіне қайғыдан күйзелген жандардың әрекеті. Мұндай қылықтар жамандық шақырушы деп саналады. Ал жаңа үйдің босағасын майлау несібесі көп, дастарханы мол болсын деген ниетпен жасалады.
– Тамақ үстіне келген адамды үй иесі жақсы қабылдайды. Дастархан жайылып жатқанда келген адамға «мақтап жүреді екенсің» деп ризашылық білдірсе, дастархан жиналып жатқанда келгенге «жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды, – дейді Мәшім Жамбы.
Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тауып келеді.
– Бүгінде жастардың көбі ырым-тыйымдарды ұмытып кеткен. Алайда оның тәрбиелік мәні зор, – дейді ардагер ұстаз.
Дүниеге төрт бала әкелген тұрғын Маржанүл Қасқырбаева жас кезінде сәби күтіп жүргенінде үлкендер тоқыма тоқуға болмайтынын айтып ескерткенін еске алады.
– 1987 жыл еді. Ол кезде қолғап, бас киім, кеудеше барлығын өзіміз тоқып киетін едік. Үлкен апаларымыз жүкті болғанымда тоқыма тоқуға тыйым салған, бірақ оған құлақ аспаған едім. Салдарынан балам кіндікке оралып қалды, – деп еске алады ол.
Осылайша ырымдар мен тыйымдар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өмір сүру қағидалары беріліп, адамның тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.