Павлодарлық офтальмологтар үш жасар қыздың көзін сақтап қалды

Павлодарлық офтальмологтар үш жасар қыздың көзін сақтап қалды
Фото:

Ойын кезінде кішкентай қыз асүй қайшысымен көзін жарақаттап алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баланың ата-анасы жазатайым оқиға орын алғаннан кейін бірден дәрігерге жүгінбеген. Алайда көздің қызаруы мен жас ағуы оларды облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне баруға мәжбүр еткен.

Дәрігерлер баланың көзінің қасаң қабығы тесіліп, ішкі құрылымдары сыртқа шыққанын анықтады. Қасаң қабықтағы жыртылуды тігіп, көздің анатомиялық тұтастығын қалпына келтіру бойынша зергерлік дәлдікті қажет ететін микрохирургиялық ота жасаған офтальмолог-дәрігерлер – Самал Аманжолова, Динара Сейітқұлова және Жангүл Асқарова. Инфекция жұқтыру қаупі жоғары болғанына қарамастан, дәрігерлер баланың көзін сақтап қала алды. Бұл ең басты міндет еді.

– Ота көру қабілетін сақтай отырып жасалды. Дегенмен жарақат оптикалық аймақта, яғни көру өткірлігіне жауап беретін қасаң қабықтың орталық бөлігінде орналасқандықтан, көру деңгейі төмендеуі мүмкін, – деді офтальмолог дәрігер. – Жара орнында алдағы уақытта қасаң қабық тыртығына байланысты ақшыл дақ пайда болады. Көру бұрынғыдай жоғары болмауы ықтимал. Алайда жарақаттың ауырлығын ескерсек, нәтижені өте жақсы деп бағалауға болады.

Қыз бала стационардан шығарылды, алайда мамандардың бақылауында. Алғашқы тексеріс оң динамиканы көрсетті. Бала қажетті ем қабылдап, апта сайын дәрігер қарауынан өтуде.

Облыстық балалар ауруханасының офтальмология бөлімшесі – өңірде кішкентай науқастарға ота жасалатын жалғыз бөлім. Мұнда арнайы жабдықтар, құралдар және білікті мамандар бар.

Балалар жиі үшкір заттардан жарақат алады. Олар – қайшы, пышақ, қолдан жасалған ойыншықтар. Кей жағдайларда көз алмасын ағаш бұтағы зақымдаған. Көбіне мұндай жарақаттар жаз мезгілінде орын алады.

– Мәселен, өткен жазда бір балада қасаң қабық пен ақ қабықты қамтыған өте күрделі тесіп өткен жарақат тіркелді, – дейді Динара Сейітқұлова. – Бұл техникалық тұрғыдан күрделі операция жасауды талап етті. Кейбір балалар жарақат салдарынан көру қабілетінен айырылды. Ал кей жағдайларда зақым тым ауыр болғандықтан, көзді алып тастауға тура келді.

Дәрігерлер ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға, ең алдымен үшкір заттарды қолжетімсіз жерге қоюға кеңес береді.