Павлодарлық отбасы шаңырақтың шаттығын сақтаудың құпиясымен бөлісті
Ерлі-зайыпты Моңғолиядан Қазақстанға 19 жыл бұрын көшіп келген. Бүгінгі таңда олар балалары мен немерелерімен бірге Павлодар ауданында тұрады және жақында өңірдің үздік отбасы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баян-Өлгей елінің тумасы Жұрағат Әпештің барлық еңбек қызметі сандармен байланысты, мамандығы – экономист. Жасы – 83-те, ал жұбайы – 78-де.
Шәмші апа – тек облыста ғана емес, республикаға да танымал шығармашылық тұлға. Кәдімгі тігін машинасында әдемі және түрлі-түсті тұрмыстық заттар мен ұлттық киімдер тігеді.
Қызы Анар Шәмші апамен бірге Павлодарда «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығын ашып, өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерді тігуге үйретеді. Қолөнершінің өмірінде қайырымдылық үлкен орын алады. Көбінесе өз өнімдерін сыйға тартады.
Ұлы Шынтілеу жылқы шаруашылығымен айналысады, қымыз шығарады. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін келіні Балдырған балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлерінде оқытуға баса назар аударады. Сондай-ақ, балаларға өрнектердің маңыздылығы туралы айтып, асық ойынын үйретеді. Шынтілеу мен Балдырған баласы Расулдан көрген немерелері Айжұлдыз бен Еркеназды тәрбиелеп отыр.
Жас жұбайлар Павлодар ауданының Мичурин ауылында ата-енесімен бірге тұрады.
– Отбасы – шағын мемлекет деп айтамызғой,сол мемлекеттің іргесін сақтап қалу үшін ең алдымен сыйластық қажет, ерлі-зайыптылар бір-бірін әрқашан қолдап,отбасылық құндылықтарға құрметпен қарап, ниет етіп, ортақ мақсатқа бірге мақсатқа жету үшін тыңбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Өзім ауылда туып өскендіктен,ауылдің тұрмыс-тіршілігі маған тансық емес.Ауылда тұрсамда отбасыма да,жұмысыма да барып үлгеремін, – дейді үлкен сеніммен Балдырған. – Біз бес жыл бұрын үйлендік. Осы уақыт ішінде қиындықтар кездесті, бірақ жақсылық көп болды. Отбасының тірегі – Жұрағат ата.
Балдырғанның ойынша, ауыл мен қалада тұратын ерлі-зайыптылардың арасында шамалы айырмашылық бар. Экологиясы таза, қарбаласқан тірлік жоқ. Қалалы жердің бір артықшылығы – балалардың жан-жақты дамуына көп мүмкіндік бар. Баланы қалаған қосымша үйірмелерге беруге болады. Ауылдан қалаға қатынау күн суып, қыс мезгілі болған кезде қиындық туғызады. Спикер балаларын жан-жақты дамытып, терең білім алса екен дейді. Сол себепті болашақта қаланың зияткерлік мектебінде білім алса деген жоспары бар. Себебі қалада тұратын бала көптеген үйірмелер мен секцияларға қатыса алады, өз мүмкіндіктерін дамыта алады.
Биыл аталмыш отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына өтінім беріп, екінші орынға ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға 275 отбасы қатысып, финалда 13 отбасы бақ сынады. Бірінші орынды Ақтоғай ауданынан келген Теміровтер әулеті иеленді.