Zhas project: Павлодар облысында жұмыссыз жастарға гранттар ұсынылады
Кәсіпкерлік жобаға арналған грант сомасы бір миллион теңгеге дейін барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар істері және отбасы бөлімінің басшысы Шынболат Ташеков мәлім етті.
– Бұл жоба тек жұмыссыз немесе оқу оқымай жүрген жастарды қолдау мақсатында атқарылмақ. Облыс бойынша 14 грант бөлінді. 9-22 қазан аралығында өтініштер қабылданады. Ниет білдірген жастардың арасынан 14 үздік жобаны іріктеп, гранттарды табыс ететін боламыз. Ең бастысы бұл гранттар қайтарымсыз, – дейді Шынболат Ташеков.
«Zhas project» жобасы әлеуметтік топтарға жататын жастарды қолдау, олардың әлеуметтік-экономикалық өмірге тарту, жергілікті қауымдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, жастардың кәсіпкерлік идеялары мен бастамаларына көмектесуге бағытталған.
– Бұл жобаның бұған дейінгі жобалардан өзгешелігі – керек-жарақ, техникаларды бірден алып беруде. Себебі – өзге жобаларда бөлінген граттарды тұтынушылар өзге мақсатта қолданған, – дейді спикер.
Сонымен қатар жоба аясында қатысушыларға арналған кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Бұл тренинг грант жеңімпаздарын анықтағаннан кейін үш күн өткізілетін болады. Оларды бухгалтериялық білім, экономикалық сауаттылық сынды керекті біліктіліктерге үйретеді.
Үміттілерге бірнеше шарт қойылған.
- өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт;
- өтініш берушінің жасы өтініш беру кезінде 18-35 жас аралығында болуы керек;
- өтініш берушінің өтініш беру кезінде аймақ аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы керек;
- өтініш беруші өтініш берген кезде уақытша орналастырылмаған жас мәртебесінде болуы шарт.
Павлодар облысында өтініштерді қабылдауды «Жасыл ел» студенттік және жастар жасақтарының жергілікті штабы жүзеге асырады.