Павлодарлық оқушылар тіл сайысында топ жарды
Өскемен қаласында Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат базасында 12-14 мамырда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері, академик Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті.
- Оқушылардың білімдерін тереңдету және жетілдеру, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында квотаға сай Қазақстанның әр өңірінен 160 оқушы қатысты. Павлодар облысынан олимпиадаға облыстық кезеңде І және ІІ орындарға ие болған жалпы орта білім беру және мамандандырылған мектептердің 8 оқушысы қатысты, оның ішінде 5 оқушы жеңімпаз атанды, - делінген хабарламада.
Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломымен Абай атындағы гимназиясының 10-сынып оқушысы Дана Кунязова және Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Аружан Хабидуллаева марапатталды.
Сонымен қатар «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 9-сынып оқушысы Дина Жомартова және Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының 11-сынып оқушысы Аида Қайыржанова II орынға ие болды.
Ал Павлодар қаласы Ә.Бөкейхан атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулым Солтанмұрат жүлделі ІІІ орынды қанжығалады.
Ерекше жетістігі үшін Павлодар қаласы №2 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Дюсембаева Қазақстан республикасының Оқу-ағарту министірлігінің грамотасымен марапатталды.
Қанипа Бітібаеваның түлектерінің атынан Абай атындағы гимназиясының 10-сынып оқушысы Дана Кунязова бағалы сыйлықпен (ноутбук) марапатталды.