Павлодарлық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуде
Тәртіп сақшылары жанжалға әуестердің саны азаймай тұрғанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда павлодарлық тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараны қолға алған болатын. Полиция департаментінің қызметкерлері үш күн ішінде тұрғылықты мекенжайлары бойынша 776 есепте тұрған адамды тексерді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 85 қорғау нұсқамасы шығарылып, сотпен құқық бұзушының мінез-құлқына қатысты алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салу түріндегі 38 ерекше талап белгіленді. Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 173-тен астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Мәселен, полицияға ауыл тұрғыны күйеуінің қорғау нұсқамасына қарамастан, алкогольдік мас күйде жанжал шығарып, жұбайына балағат сөздер айтқаны жөнінде шағымданған. Әкімшілік соттың шешімімен ер адамға 20 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.
Айта кету керек, жыл басынан бері сенім телефонына тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 154 әйел жүгінген. Заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.