Павлодарлық студенттер елдің маңызды тарихи жетістігін талқылады

Павлодарлық студенттер елдің маңызды тарихи жетістігін талқылады
Фото: Константин Шелков

Әлкей Марғұлан университетінде «Тәуелсіздік – тарих, тағылым – болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараға студенттер мен оқытушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова сөз сөйлеп, тәуелсіздік тек тарихи жетістік емес, бүгінгі күннің шындығы әрі ортақ болашағымыз екенін атап өтті.

– Елдің келешегі – сіздердің қолдарыңызда. Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші, өзгерістердің бастауы. Тәуелсіздік құндылықтарының жыл сайын нығаюына сіздер үлес қосасыздар, – деді ол. 

Сондай-ақ спикер Қазақстанда бірлік пен қоғамдық келісім, өзара құрмет пен толеранттылық мемлекеттік саясаттың негізі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздікті мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы ретінде бағалағанын еске салды.

Жиын барысында желтоқсан оқиғасының белгілі қатысушысы Амантай Құдабаев тәуелсіздікті қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы деп атап, Қазақстанның әлемдік саяси аренада өз орнын алғанын айтты.

Марғұлан университетінің тарих ғылымдарының докторанты Тамара Биль соңғы жылдары қазақстандықтардың өзін мәдени тұрғыдан біртұтас ұлт ретінде сезіне бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның мәдени мұрасы халықаралық деңгейде мойындалып келеді. Соның бір дәлелі – киіз үй жасау дәстүрінің ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі.

Конференция соңында желтоқсан оқиғасына қатысқан төрт азаматқа «Желтоқсан қаһарманы» естелік медальдары табысталып, студенттік дебаттарға белсенді қатысқан жастар құрмет грамоталарымен марапатталды.