Павлодар облысында алғашқы облыстық «Иса оқулары» өтті
Белгілі ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай шара Ертіс ауданы Үлгілі ауылындағы Иса Байзақов атындағы орта мектепте ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға облыстың барлық өңірлерінен келген 50 оқушы қатысып, ақын шығармашылығына деген сүйіспеншілігін, өнер мен білімге деген құштарлығын көрсетті.
Іс-шара ақынның рухына тағзым ету рәсімімен басталып, қатысушылар Иса Байзақовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараның құрметті қонағы – ақынның немере туысы, ҚР білім беру ісінің үздігі, мектеп мұражайының негізін қалаушы Күләш Әбиқызы шашу шашып, жас қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың басты мақсаты – ұлы ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау, жас буынды рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу және олардың көркемдік қабілетін дамыту.
«Иса оқулары» төрт бағытта ұйымдастырылды. «Еркін күшпен өрлеймін, өмірім ұзақ – өлмеймін…» бағыты бойынша Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Данэль Жасқайрат үздік атанды. «Ән қанатында» номинациясында № 3 Ертіс мектебінің 5-сынып оқушысы Мария Хунтузиди бірінші орынды иеленді. «Бұл жырды мен жырламай, кім жырлайды?» шығармашылық бағыты мен сахналық қойылымдар бойынша № 4 Ертіс мектебінің 9-сынып оқушысы Кәусар Бахытжан және Железин ауданы Екішоқ мектебінің 8-сынып оқушылары Ильяс Мұқатаев пен Айнара Вахит жеңімпаз болды. «Жас исатанушылар» ғылыми жоба қорғау бөлімінде № 2 Ертіс мектебінің 7-сынып оқушысы Ерасыл Арысан бірінші орынға ие болды.
Барлық жеңімпаздар Павлодар облысы білім басқармасының құрмет грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталды.
– Бұл байқау – жас буынның бойында отансүйгіштік сезім мен өнерге, әдебиетке құрметті қалыптастырудың тамаша мүмкіндігі. Иса Байзақовтың мұрасын насихаттау арқылы біз оқушылардың ұлттық рухани дүниетанымын тереңдетеміз, – деді Ертіс ауданының білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова.
Шара соңында қатысушылар мен ұстаздар Иса Байзақовтың өмірі мен шығармашылығына арналған мектеп мұражайын аралап, ақын мұрасына құрмет білдірді.