Павлодар ауданында поэзия кеші өтті
Іс-шара «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауылының бұқаралық кітапханасы мен Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері «Дана халықтың дара Абайы» атты іс-шара өткізді. Поэзия күні ауыл тұрғындары мен тұрақты оқырмандардың басын қосты. Аталмыш іс-шарада ардагерлер кеңесі қонақ болды.
– Жүргізушілер қазақтың көрнекті ақыны, ойшылы және қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Ол – Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі басты тұлғалардың бірі, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы. Абай Құнанбаевтың артында 170 өлеңі, 56 аудармасы, 45 шағын нақылы мен философиялық трактаты, сондай-ақ жиырмаға жуық әуені бар, – дейді Павлодар ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлнар Шоқыбаева.
Мерекелік шара барысында Абайдың «Көзімнің қарасы» әні әртүрлі интерпретацияда орындалды. Достық ауылы ардагерлер хорының баяншысы, көркемдік жетекшісі Дәурен Жалалов ән шырқаса, Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінің вокалисі Әділ Төлеген «Жігер» домбыра үйірмесімен бірге эстрадалық қойылым ұсынды.
Кітапхананың тұрақты оқырмандары Бақыт Жүніс, Айым Шоқыбаева және Назерке Мұратбекқызы жиналғандарға Абайдың сүйікті өлеңдерін оқып берді. Аға буын «қара сөздерді» жатқа айтса, «Пироуэт» хореографиялық ансамблі көрермендерді билерімен тамсандырды.
Жиын соңында қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.