Павлодарлық тұрғын туысына жету үшін ауладағы екі көлікті ұрлап кеткен

Павлодарлық тұрғын туысына жету үшін ауладағы екі көлікті ұрлап кеткен

Ол Ленин кентіндегі туысына бармақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 наурызда сағат 00.05-те ер адам Ленин кентіндегі туысына жету үшін Қамзин көшесіндегі 60-шы үйдің ауласынан еркін қолжеткізу жолымен есіктері ашық, кілттері тұтану құлпында болған 2008 жылы шыққан Mitsubishi Lancer маркалы автокөлікті ұрлап кеткен. Бірақ діттеген жеріне жете алмаған. 

– Павлодар – Ленин кенті автожолының 9-шы шақырымында жолдың жиегіне соғылған соң оқиға орнынан қашып, өтіп бара жатқан көлікпен қалаға жеткен. Ол мұнымен тоқтамай, Естай көшесіне дейін барған. Сағат 04.15-те үйдің ауласында есігі құлыпталмағанын, ал кілттері тұтану құлпында қалғанын пайдаланып, Toyota Estima маркалы автокөлікті іске қосып, үйіне қайтқан. Ұрланған көлікті Қамзин көшесіндегі үйдің ауласында қалдырған, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Mitsubishi Lancer маркалы автомашина табылып, техникалық ақаулы жағдайда, ақау анықталмаған екінші автокөлік те  айып тұрағына қойылды.

2023 жылдың үш айында Павлодар облысында айдап әкетудің 15 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға аз. Барлық фактілер ашылған.