Павлодарлық полицейлер өрт кезінде адамдарды құтқарды

Павлодарлық полицейлер өрт кезінде адамдарды құтқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бау-бақша аумағында тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейлері – Сергей Бухмиллер, Сәдуақас Омаров, Қуаныш Балапанов және Валерий Кузьменков Тереңкөл ауылынан Екібастұз қаласына қызметке бара жатқан жолда Рябиновое көшесіндегі «Клен» бау-бақшасында үйдің төбесінен түтін шығып жатқанын байқап, бірден көмек көрсетуге ұмтылған. Жол бойында олар өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерін шақырған.

– Арнайы қызметтер келгенге дейін әріптестерімізбен бірге үй тұрғындарына көмек көрсетіп, оларды қауіпсіз жерге көшірдік. Кейін жағдайды бағалап, үй ішінде ешкімнің қалмағанына көз жеткіздік және мүлік пен құжаттарды құтқару бойынша шаралар қабылдадық. Өзім тас жолға шығып, өрт сөндірушілерді қарсы алып, оқиға орнына бағыттадым, – дейді Валерий Кузьменков.

Полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында өрт тез арада сөндірілді. Абырой болғанда, тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.