Павлодарлық жас эколог Орталық Азия премиясының лауреаты атанды

Павлодарлық жас эколог Орталық Азия премиясының лауреаты атанды
Фото: автор

Жеңімпаздың жобалары мыңнан астам жасты қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде Орталық Азияның жас экологтарына арналған Дмитрий Терешкевич атындағы халықаралық сыйлықтың оныншы марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы байқауда Қазақстан атынан Павлодардың тумасы, «Climate for Us» студенттік қозғалысының негізін қалаушы Әлімхан Абухан жеңімпаз атанды. Ол Нархоз университетінде экология мамандығы бойынша білім алған.

Аталған марапат 2016 жылы Орталық Азиядағы жастардың табиғатты қорғау қозғалысын дамытуға үлес қосқан Дмитрий Терешкевичтің құрметіне құрылған. 2018 жылдан бастап байқау өңірлік деңгейде ұйымдастырыла бастады.

Негізгі мақсат – аймақтағы жас экологтардың бастамаларын қолдау және олардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын дамытуға жағдай жасау.

Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан белсенді жастар қатысады. Қазылар алқасының құрамында Орталық Азияның бес елінен бір-бір өкіл бар. Биыл 20 өтінім түсіп, олардың арасынан Әлімхан Абухан үздік деп танылды.

Экофорум Қазақстанының төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, жеңімпаздың соңғы үш жылдағы жұмысы жастарды климаттық саясатқа тартуға бағытталған.

– Әлімхан студенттік «Climate for Us» қозғалысын ұйымдастырды. Ол жастардың климаттық келіссөздерге қатысуын күшейтті. Сонымен қатар, Қазақстанның климаттың өзгеруі жөніндегі конвенция аясында ұсынатын құжатында жастардың ұсыныстарының ескерілуіне ықпал етті, – деді Светлана Могилюк.

Төрайымның сөзінше, марапатты ұйымдастыру жұмысы негізінен еріктілердің көмегімен жүргізіледі. Биылғы рәсімнің Павлодарда өтуіне лауреаттың осы қалада туып-өскені себеп болған.

– Ол қарапайым мектепті, елордалық емес қаланы бітіріп, үлкен жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді. Сондықтан жастарға осындай мүмкіндіктерді көрсету маңызды, – деді ол.

Марапаттың басты жүлдесі – арнайы әзірленген қола мүсінше. Онда лотос бейнесіндегі адам бейнеленген.

Бұдан бөлек, 2020 жылдан бері Дмитрий Терешкевич атындағы экологиялық мектеп жұмыс істейді. Онлайн форматта өтетін білім беру бағдарламасына Орталық Азия елдерінен шамамен 400 жас қатысады. Дәріс беретін мамандар қатарында өңірге танымал экологтар мен Дмитрий Терешкевичпен бірге еңбек еткен белсенділер бар.

Әлімхан Абухан алты жылдан астам уақыт бойы волонтерлікпен айналысып келеді. Оның айтуынша, табиғатты қорғау саласына Павлодарда ерікті болып жүрген кезінде қызығушылық танытқан.

– «Climate for Us» ұйымының негізгі мақсаты – жастарды климаттық саясатқа тарту. Біз республикалық деңгейдегі климаттық саясатқа қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуге қатыстық, фокус-топтарда жастардың мүддесін білдірдік және олардың пікірін шешім қабылдайтын тұлғаларға жеткіздік, – деді ол.

Қозғалыс осы уақытқа дейін 20-дан астам іс-шара өткізіп, мыңнан астам жасты қамтыған. Сонымен қоса, Орталық Азиядағы жастар жобаларына 25 мың доллардан астам қаражат тартылған.

Жас маман COP29 және COP30 климат жөніндегі конференцияларында Қазақстанның ұлттық делегациясы құрамында, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында делегат ретінде қатысты.

Марапаттау рәсімінен кейін жастардың табиғатты қорғау күн тәртібіндегі рөліне арналған панельдік пікірталас өтті.