Павлодарлықтар көлік салығын қалай төлей алады?

Павлодарлықтар көлік салығын қалай төлей алады?
Фото:pixabay.com

Өңірде 140 мыңнан астам автокөлік иесі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жеке тұлғалардың 2024 жылға көлік құралдарына салық төлеуі 2025 жылғы 1 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.

Көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша өңірде 140 мыңнан астам автокөлік иелері бар, олардың меншігінде 200 мыңнан аса көлік тіркелген.

– Қазіргі уақытта 10 609 павлодарлық автокөлік иелерінде 700 миллион теңгеден астам сомаға көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегі бар, – деді облыс бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығында.

Көлік құралдарына салынатын салық Салық кодексінің 493-бабына сәйкес дербес есептеледі. Мұны ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында орналастырылған «Көлік салығын есептеу» электрондық сервисін пайдалану арқылы немесе «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Калькуляторлар» сервисінде  жасауға болады.

Салық мөлшерлемесі АЕК және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Сәйкесінше, жыл сайын салық сомасы АЕК мөлшерінің ұлғаюымен бірге артады. Салықты есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына АЕК қолданылады, яғни 2024 жылы ол 3692 теңгені құрайды.

Көлік салығын төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Егер салық банктер немесе банкоматтар арқылы төленсе, бюджеттік жіктелім коды (БЖК) – 104402, төлем мақсатының коды (ТМК) – 911, егер өсімпұл есептелген болса, онда ТМК – 912 пайдаланылады. 

Салықты төлеу үшін иелеріне көліктерінің бірегей нөмірін 17 таңбадан тұратын VIN кодын білуі керек. Жеңіл автомобильдер үшін VIN коды-шанақ нөмірі, ал жүк көліктері үшін – шасси нөмірі. Деректер техникалық паспортта көрсетілген.

Машина болмаған жағдайда осы фактіні растайтын уәкілетті мемлекеттік органнан тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына мәліметтерді ұсыну қажет.

Салықты уақтылы төлемеген 2 сәуірінен бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады, сондай-ақ, мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. 

Хабарламаларды 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Егер орындалмаса, онда автоматты түрде салық бұйрығы қалыптастырылады. Ол салық төлеушіге жіберіледі және 5 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс, әйтпесе ол атқарушылық іс жүргізуді қозғау және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу үшін электрондық арна арқылы жеке сот орындаушыларының палатасына жолданады.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салықтарды төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті болып табылатынын еске салады және салықтарды уақтылы төлеуге шақырады.