Павлодарлық құтқарушылар велосипедке отырды

ТЖМ 30 жылдық мерейтойына орай павлодарлық құтқарушылар 30 шақырымдық велошеру өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері спорттық акция ұйымдастырды. Іс-шараға 30 құтқарушы қатысып, 30 шақырым қашықтықты еңсерді. Бұл сандар министрліктің мерейтойлық күнінің символдық көрінісі болды.
Департамент басшылығының айтуынша, велошеру достық атмосферада өтті. Оның басты мақсаты – қала тұрғындарының назарын салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына аудару.
Құтқарушылардың пікірінше, мұндай бастамалар ұжымдық рухты нығайтып, командалық жұмыстың маңыздылығын көрсетеді.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығы жолындағы үш онжылдық қызмет.