Павлодарлық спортшылар садақ ату жарысынан үздіктер қатарына енді

Оралда ересектер мен жастар арасында ел кубогының II кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жоғары спорттық шеберлік мектебінің мәліметінше, 24-29 тамыз аралығында Орал қаласында садақ атудан Қазақстан Республикасы Кубогының II кезеңі аяқталды. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент және Қонаев қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан командалар қатысты. Барлығы 175 спортшы жарысты.
– ҚР Кубогы республикада атыс спортын, жоғары спорттық шеберлік деңгейін арттыру үшін өткізіледі. Сондай-ақ, әлем және Азия чемпионаттарына, Олимпиада ойындарына қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрама командаларына кандидаттарды іріктеу мақсатында жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Жоғары спорттық шеберлік мектебінің спортшылары Егор Поляков (29 жасқа дейін компаунд) екінші орын, (29 жасқа дейінгі компаунд Микс) 1 орын, Арина Калина бірінші орынды (29 жасқа дейінгі командалық компаунд) иеленді.