Мүгедек жандарға қамқорлық: Павлодарда оңалтуға қомақты қаржы бағытталды

Мыңдаған адамға көмек көрсетіледі деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың мәліметінше, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге ағымдағы жылы бюджеттен 3,1 миллиард теңге қарастырылған.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдардан оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынуға 12 207 өтініш келіп түсті, оның ішінде 6993 немесе 57,3% орындалды.
Облыс әкімдігі мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерімен, санаторлық-курорттық емдеумен, сондай-ақ сурдо және тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен, протездік-ортопедиялық көмекпен және қолданыстағы заңнамада белгіленген нормалар шегінде мемлекеттік бюджет есебінен бұйымдармен қамтамасыз етілетінін еске салады.