Павлодарлық өрт сөндірушілер оқушылармен бірге квест ойнады

Павлодарлық өрт сөндірушілер оқушылармен бірге квест ойнады
Фото: Оқушылар сарайы ұсынды

Балаларға интерактивті түрде әртүрлі төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін үйретті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Қауіпсіздік – ең алдымен: төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етеміз!» атты қызықты әрі танымдық облыстық квест-ойыны өтті. 

Іс-шараны облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының штабы облыстық ТЖД-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Квестке оқушылар, педагогтер және қауіпсіздік саласының мамандары қатысып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету бойынша білімдерін тексеріп, бекітті.

Ойын «Ішкі баланс» жаттығуынан басталып, кейін қатысушылар ережелермен танысып, тапсырмаларын алды. Алты адамнан құралған командалар станцияларға бөлініп, интерактивті тапсырмаларды орындады. Мысалы, «Өрт қауіпсіздігі» алаңында өрт кезіндегі әрекет ету ережелері және өрт сөндіру құралдарын пайдалану, «Алғашқы медициналық көмек» алаңында зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету негіздері, «Судағы қауіпсіздік» алаңында су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелері және құтқару техникалары, «ТЖ – сақ бол» алаңында өрт-құтқару спорты және өрт сөндіру жеңін уақытқа жинау, «Қауіпсіздік викторинасы» алаңында төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл ережелері бойынша білімді тексеру бойынша жаттығулар болды.

Тапсырмаларды сәтті орындаған командалар ұпай жинап, ойын соңында үздіктер анықталып, марапатталды.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші орын Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты, екінші орын Қалижан Бекхожин атындағы орта мектеп, үшінші орынды №3 дарынды балаларға арналған гимназиясы иеленді. 

Квесттің басты сәттерінің бірі «Қызыл жарты ай» еріктілерінің шеберлік сабағы болды. Тәжірибелі нұсқаушылар жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдерін, таңғыш салу және қан тоқтату әдістерін көрсетті.

– Квест-ойын өте қызықты, пайдалы болды.  Бұл оқушыларға тек маңызды білім алып қана қоймай, шұғыл жағдайларда өмірге қажетті тәжірибелік дағдыларды дамытуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Оқушылар сарайының бұқаралық жұмыс жөніндегі орынбасары Самал Сүлейменова.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететініне сенімді.