Павлодарлық еріктілер қандай игі істерімен есте қалуда?

Волонтерлар қатары жылдан-жылға артып келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Birgemiz» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Ол қала мен аудандар еріктілерін басын қосып, волонтерлік қозғалысты жандандыру үшін арналған.
– Жыл басынан фронт-кеңсесі алты бағыт бойынша 54 іс-шара өткізді. Оларға 11 263 ерікті қатысты. Алты бағыттағы жобаларға «Үлкенге құрмет», «Жастар в деле», «Әрекет уақыты», «Volunteer time», «ЗооДостар», «Sport Drive» сияқты бастамалар кіреді, – дейді облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахимжанов.
Оның сөзінше, іс-шараларды іске асыруда фронт-кеңсе облыстың барлық мемлекеттік органдарымен, қоғамдық ұйымдарымен, сондай-ақ, кәсіпкерлерімен және бастамашыл топтарымен ынтымақтасады.
– Мысалы, «Үлкенге құрмет» жобасы бойынша еріктілер жалғыз тұратын зейнеткерлерге барып, тұрмыстық мәселелерде көмек көрсетеді. Олар қарттар үйінде ойын-сауық бағдарламалар өткізіп, йога және биден шеберлік-сабақтарын өткізеді, – деді ол.
«Жастар в деле» жобасы аясында «Самал» орталығы, балалар ауылы, Жас ұрпақ жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған үстел ойындары, шеберлік сыныптары өткізіледі.
– Биыл волонтерлер Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітпен бірлесе отырып, 12 мұқтаж отбасына азық-түлік себетін сыйлады. 9 мамыр күні қарсаңында 20 азық-түлік жиынтығы ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне беріледі, – деді Ризат Рахимжанов.
Экологиялық бағыт шеңберінде «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға арналған іс-шаралар белсенді өткізілуде. Оған шеберлік сағаттары, викториналар, кино көрсетілімдері, конкурстар, сенбіліктер, құстарға арналған үйшіктер жасау жатады.
Зооволонтерлік бағытта тұрақты негізде қаңғыбас жануарларға көмек жинау жүргізілуде. Еріктілер ай сайын «Надежда» баспанасына көмек көрсетуге тырысады.
– Волонтерлер мектептер мен колледждерге, жоғары оқу орындарына тұрақты түрде барып, оқушылармен және студенттермен кездеседі. Олар волонтерлік белсенділіктің маңыздылығы туралы айтып, қоғам игілігі үшін қайырымды істерге қосылуға шақырады, – деді Ризат Рахимжанов.
Фронт-кеңсе ұйымдастырған барлық іс-шара Павлодар облысының тұрғындары арасында азаматтық белсенділікті, әлеуметтік қолдауды, құқықтық ағартуды, экологиялық сананы дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Birgemiz» фронт-кеңсесінде 124 ерікті бар. Ерікті боламын деген ниет білдіргісі келетін облыс тұрғындары +7 (705) 409-19-05 немесе 66-12-37 нөмірлері арқылы хабаласып, Instagram әлеуметтік желісіндегі @birgemiz_front_office_pvl парақшасына жаза алады.