Павлодар облысында тек бір мұзды өткел ашық

Павлодар облысында тек бір мұзды өткел ашық
Фото:pixabay.com

Оннан астам өткел мұздың жұқалығына байланысты жабық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыста жаяу жүргіншілер мен автокөлік құралдардың қозғалысына арналған 13 мұзды өткел бар. Бүгінде мұздың қалыңдығы толықтай қалыптаспады. Тек Май ауданында ғана мұзды өткел ашылып, жұмыс істейді. 

– Бұл өткелдер негізінен ауыл шаруашылығы мақсатында жемшөп тасымалдауды жүзеге асыруға арналған. Олар ашылу үшін мұздың қалыңдығы 25 сантиметр болуы тиіс, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай. 

Айта кетейік, мұз өткелдерін ұйымдастыруға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Талаптарға сәйкес, мұз өткелдері жылы су мен ойлы орындардан қауіпсіз қашықтықта орналасуы қажет, абаттандырылған кіреберістері, біржақты трассалары немесе қарсы қозғалыс үшін параллель жолдары болуы тиіс. Мұздың қауіпсіз қалыңдығы жаяу жүргіншілер үшін кемінде 10 сантиметр, ал көлік үшін 25 сантиметрді құрайды. Мұзды өткелдердегі қар үнемі тазаланып отырады.