Павлодарлықтар Алакөлге тікелей пойызбен қатынай алады

Павлодарлықтар Алакөлге тікелей пойызбен қатынай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сонымен қатар, көлге апаратын қосымша әуе рейстері мен жаңартылған жолдар да қолжетімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жазғы демалыс маусымында Көлік министрлігі Алакөл курорттық аймағына қатынайтын қосымша пойыздар мен қолжетімді әуе рейстерін іске қосады. Бұл бастама демалушылар легін жеңілдетуге және өңірлер арасындағы қатынасты жақсартуға бағытталған.

Алакөлге биыл 13 теміржол бағыты арқылы жетуге болады. Соның ішінде Павлодар – Достық бағыты бойынша тікелей пойыз қатынайды. №31/6942/6941/32 пойызы жұп күндері жолға шығады, бұл павлодарлықтар үшін көлге жетудің ыңғайлы әрі қолжетімді жолы болмақ.

Сонымен қатар, Астана мен Алматыдан Алакөлге апаратын рейстердің саны артып, SCAT әуе компаниясы Үржарға аптасына 6 рет субсидияланған рейс орындайды. Бұл рейстердің билет бағасы – Астана – Үржар бағытына 16 мың теңге, Алматы – Үржарға 14 мың теңгені құрайды. Үшарал бағытына да әуе рейстерін іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр.

Алакөлге автокөлікпен жету де қолайлы болмақ. Барлық негізгі бағыттарда жаңа асфальт төселіп, жол инфрақұрылымы жақсартылған. Павлодар өңірінің тұрғындары үшін бұл жаңалық Алакөлге саяхаттауды бұрынғыдан да ыңғайлы етеді.