Петропавлда мектепке балта алып келген оқушы үш баланы жарақаттады
Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш баланы жарақаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға бүгін №4 орта мектепте болған. Жасөспірім сөмкесіне ас үйде қолданылатын балта мен пышақ салып, мектепке келген. Сосын дәретханаға барып, киімін ауыстырған. Бетіне маска тағып алған.
"Ол үш балаға жарақат салды. Екеуі дереу ауруханаға жеткізілді", - дейді полицейлер.
Ал білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, балалар басынан және иығынан жарақат алған. Үшінші оқушыға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
Қазіргі кезде мектепте полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша мектепке балтамен келген оқушы психиатриялық есепте тұрған. Білім беру мекемесінде мамандандырылған күзет қызметі болмаған.
Жасөспірім ұсталды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.