Павлодарлықтар дайын құжаттарды ХҚКО-нан тәулік бойы ала алады
Оның ішінде демалыс және мерекелік күндер де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Халыққа арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, дайын болған құжатты постаматтар арқылы алу жұмыс уақытында үлгермейтін азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Автоматтандырылған құжат шығару пункттері тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейді және еліміздің он өңірінде қолжетімді. Олар 19 мемлекеттік қызмет түрі бойынша қызмет көрсетеді, соның ішінде туу туралы куәлікті, некеге тұру және некені бұзу куәліктерін, қайтыс болғаны туралы куәліктерді, архивтік анықтамаларды, сондай-ақ аттестат пен дипломның көшірмелерін алу мүмкіндігі бар.
– Құжатты өзіңіз алу үшін персоналды ұяшық пайдаланылады. Ұяшыққа қол жеткізу жеке код арқылы ашылады. Ол құжат дайын болғаннан кейін телефон нөміріне жіберіледі, сондай-ақ биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін қол жетімді болады, – деді мемлекеттік корпорация өкілдері.
ХҚКО-тарында қызметті рәсімдегенде құжатты алу тәсілін таңдау және постамат арқылы алу туралы келісім беру жеткілікті. Қызметтің құны – 518 теңге.
Құжат дайын екені туралы SMS-хабарлама алғаннан кейін оны үш күн ішінде алуға болады. Егер осы мерзімде алу мүмкіндігі болмаса, құжат қайтадан ХҚКО-ның маманына беріледі және оны тек маманнан алуға болады.
Павлодарда постамат Павлова көшесі, 48 мекен-жайындағы ХҚКО ғимаратында орналасқан. Оны жүзден астам қала тұрғыны пайдаланды.