Ақтоғай ауданында халықаралық әйелдер күніне орай қызғалдақ гүлдері отырғызылды

Ақтоғай ауданында халықаралық әйелдер күніне орай қызғалдақ гүлдері отырғызылды
Фото: Ақтоғай ауданы әкімдігінің парақшасы

Қараоба ауылындағы «Кереку Флауэрс» ЖШС объектісінде ауданы 300 шаршы метр жылыжайға жүз мыңға жуық гүл егілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жергілікті әкімшілік өкілдері қолдау көрсетіп, жылыжай құрылысына белгіленген орынды ресми түрде тіркеп, құжаттарын реттестіруге барынша ат салысты. Желтоқсан айында жылыжайда отырғызу орындарын дайындағаннан кейін, пияздарын тамырландыра бастады. Үш айдың ішінде гүлдердің өсуіне қолайлы микроклимат жасап, бүгінгі күні нарыққа шығатын дайын өнімді шығарып отыр.

Гүлді өсіру процессі – жергілікті тұрғындардың күшімен бірлесе жасаған жұмыстың жемісі. Бүгінде жылыжайда 10 адам тұрақты түрде, 10 адам  маусымдық жұмыспен қамтамасыз етілді. 

– Жылдан жылға гүл санын арттырып, өңірімізде жылыжай комплексін ашу - біздей жастар үшін қолдан келетін шаруа. Заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, жас буынның ауыл өміріне деген көзқарасын өзгертіп, білікті мамандарды бері тарту трендіне баса назар аударамыз. Өндірстің бастаң аяқ өсіру циклдердің бәрін отандық, әрі сапалы өнімге айналдыру – біздің басты мақсатымыз, – дейді «Кереку Флаурс» ЖШС-нің құрылтайшысы Тұрсын Махмұд.

Кәсіпорын бес жылдан астам уақыт бойы қызғалдақ гүлдерін өсірумен айналысады. Сонымен қатар, олар – Ақмола, Батыс, Солтүстік-Шығыс және Орталық облыстардың ірі жеткізушілері болып келеді.

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, мұндай кәсіпорындар аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

– Жобаға жиырма миллион теңгеге жуық қаржы салынды. Олардың он миллионы Голландиядан келетін тұқымдарға бөлек қойылды, дейді «Кереку Флаурс» ЖШС-нің құрылтайшысы Тұрсын Махмұд.

Кәсіпкердің айтуынша, қалған қаражат осы жылыжайды салуға жұмсалды. Қызғалдақтардың тұрақты өсуі үшін барлық қажетті жабдықтар сатып алынды. 

Сондай-ақ, өткен жылы «Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» КММ жабдықтарды сатып алуға бір миллион екі жүз мың көлемінде өтеусіз грант бөлді. 

Айта кетейік, алдағы уақытта аталмыш кәсіпорын бұл тақырыпты тереңнен зерттеп, қызғалдақ тұқымдарын өңірімізде өсіруге жоспарлап жатыр. Сонымен қатар, көкөністер немесе гүлдерді отырғызуды жалғастырады. Олар барлық ұсыныстарға дайын.