Павлодар облысында бес үйден су толығымен шығарылды

Павлодар облысында бес үйден су толығымен шығарылды
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Асайын Байханов су тасқынына қарсы шараларды бақылау үшін Успен ауданына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Успен ауданындағы 20 ауылдың екеуі судан зардап шекті: Успен ауылында екі пәтерлі бір үй, Вознесенка ауылында екі үйді су басты. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі өзінің Instagram парақшасында жариялады.

Өңірде су тасқыны басталғаннан бері барлығы 18 тұрғын үй су астында қалды. Бүгінгі таңда бес үйден су толығымен шығарылды. Барлық зардап шеккендерге уақытылы әлеуметтік және материалдық көмек көрсетілетін болады, ол үшін ертеңнен бастап зардап шеккен ауылдарда арнайы комиссия жұмысқа кіріседі,– деп жазды аймақ басшысы. – Су тасқыны жағдайын бақылау тәулік бойы менің басшылығымдағы жедел штабпен жүзеге асырылуда.

Бүгінде Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен және Вознесенка ауылдарында 13 үйде су шығару жұмыстары жалғасуда.