Торайғырда көшпелі сақтардың қола пышақтары табылды

Торайғырда көшпелі сақтардың қола пышақтары табылды

Жәдігерлер ерте темір дәуіріне жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл Марғұлан университетінің археологтары мен студенттері Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Торайғыр көлінің маңында «Торайғыр-6» атты белгілі ескерткіште қазба жұмыстарын жүргізіп, төбенің шыңын зерттеп, нәтижесінде «Торайғыр-7» жаңа қорғанын анықтады. Екі қорғанды қазу барысында сақ дәуіріне тиесілі сирек кездесетін екі қола пышақ табылды. Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғанында жазғы далалық тәжірибе кезінде анықталды.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл – Павлодар облысында табылған ең көне қола бұйымдардың бірі.

– Пышақтар ежелгі технология әдісі арқылы қоладан құйылған. Бірақ стилистикалық жағынан ерте темір дәуіріне жатады. Бұл аймақта дамыған металлургиялық технологиялар мен тұрақты мәдени байланыстардың болғанын растайды, – деді Марғұлан университетінің археологиялық қорларының бас сақтаушысы Елена Тушева.

Сондай-ақ археологтар бұл жерден Тасмола мәдениеті өкілдерінің қалдықтарын тапқан.

– Қаңқа-сүйектер жақсы сақталған. Бұл жыныс, жас және антропологиялық сипаттамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Ал төменгі қабатты тазартқан кезде біз көне Андронов мәдениетіне жататын қабірлерге тап болдық, – деді «Тарих» бағдарламасының студенті Ангелина Грищенко.

Айта кетейік, Марғұлан университеті Баянауыл аймағында он жылдан астам уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді. Бүгінде оқу ордасы Баянауылдағы негізгі археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Фото: Марғұлан университеті