Павлодарлықтар республикалық айтыстан жүлделі оралды
Бұл айтыс командалық форматта өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстандық айтыскерлердің арасында «Асыл тас» қоғамдық қоры ұйымдастырған дәстүрлі «Асыл домбыра» айтыс жобасы ұйымдастырылды. Бұл дүбірлі додаға облысымыздың намысын қорғап үш айтыскер өнер көрсетті. Олар – Абзал Қабдраш, Нұрсұлтан Рымбай, Нұрқанат Қайрат. Айтыскерлеріміз командалық айтыста 2-ші орынға табан тіреді.
– Бұл айтыста айтыскерлеріміз үздіктердің қатарына еніп, азуларын көрсетіп қайтты. Олар 20 команданың ішінен суырылып шығып, финалда Батыс Қазақстан облысының командасына қарсы айтысты, – дейді Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асығат Тұрғанбек.
Бұл байқауда 17 облыстан келген 20 команда өнер көрсетті. Әрбір командада үш ақыннан қатысты. Ал үздік төрттікке – Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының айтыскерлері енді.
– Бұл байқау өте тартысты өтті. Алғашқы кезеңнен бастап финалдық кезеңге дейін павлодарлықтар жеңісті қолдан берген жоқ. Бұған дейін де өңірімізден айтыскерлер қатысқан болатын. Айтыс бақтың додасы болғандықтан әркезде әртүрлі нәтижеге жетті. Бұл жолы бағымыз жанып, қанжығамызға күмісті байладық. Біз үшін бұл үлкен жетістік, – дейді айтыскер Абзал Қабдраш.
Айта кету керек, бұл айтыста республикалық, халықаралық додаларда өнер көрсетіп жүрген танымал, тәжірибелі айтыскерлер өнер көрсетті. Ал қазылар алқасының құрамында - Дулат Тастекей, Талант Арынғали, Ғалым Жайлыбай болды.
Сайыс қорытындысы бойынша, үшінші орынға Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының құрамалары іліксе, екінші орын павлодарлықтарға бұйырды. Ал Батыс Қазақстаннан келген құрама бірінші орынды иеленді.