Павлодарлықтар «Рухтастар» жастар сыйлығынан жеңіспен оралды
Іс-шараға 300-ге жуық жас қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында «Рухтастар» жастар сыйлығы өтті. Іс-шарада өңіріміздің жас азаматтары бірнеше номинацияда жеңімпаз атанды.

Павлодарлық Жанат Жангелді бірінші «Ыстық қайрат» еңбек адамы номинациясының жеңімпазы атанды. Энергетика саласында табанды еңбек етіп, ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыратын ол электр станцияларының инфрақұрылымын жаңғыртуға үлкен үлес қосуда. Оның кәсібилігі мен адалдығы жастарға үлгі болып, энергетика саласында инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беруде.
Ал «Белсенді рухтас» жыл белсендісі – Әлихан Айтмұханға берілді. Ол жастар ұйымдарының жұмысына белсенді қатысып, өңірлік жобаларды іске асыруға тұрақты үлес қосып келеді.

Павлодарлық белсенді Разия Қалиасқар «Жылы жүрек» жыл волонтері атанды. Разия әлеуметтік, білім беру, мәдени және эко-волонтерлік бағыттарда ауқымды жұмыс атқарады. Ол балалар және қарттар үйіне, аналар үйіне көмек көрсетумен қатар, қиын жағдайдағы оқушыларға ағылшын және түрік тілдерінен тегін сабақ береді. Сонымен қатар, медиа және мәдени жобаларға атсалысып, өңірдің жастарын шығармашылыққа баулиды.
– «Жылы жүрек» номинациясы – мен үшін мәртебенің емес, адамдық қасиеттің мойындауы. Бұл жылулық, жанашырлық пен шын пейілдің әлі де маңызды екенін және айналадағы әлемді өзгерте алатынын дәлелдейді, – деді Разия Қалиасқар.
Сонымен бірге, облыстық мәслихат депутаты, жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы Айдар Құрымбаев және қалалық мәслихат депутаты Мадина Музапарова «Жастар рухы» ұйымының «Қолдаушысы» арнайы марапатына ие болды. Олар жастарға қолдау көрсетудегі белсенділігі мен үлесі арқылы өңірдің дамуына өз үлесін қосты.

Осылайша, «Рухтастар» жастар сыйлығы павлодарлық жас азаматтардың кәсіби және әлеуметтік белсенділігін бағалайтын бірегей алаңға айналды.