Павлодарға жақындаған қу аңдар: түлкілердің қалаға кіру себебі неде?

Павлодарға жақындаған қу аңдар: түлкілердің қалаға кіру себебі неде?
Фото: pixabay.com/rottonara

Ғалымдар бұл құбылысты тіршілік үшін күреспен байланыстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Желтоқсан айында павлодарлықтар облыс орталығының шетінде және Усолка шағын ауданында түлкілерді байқай бастады. Жыртқыш қонақтар тұрғындардың ғана емес, мамандардың да қызығушылығын тудырды. Олардың пікірінше, түлкілердің адамдарға жақындауы және батыл мінез көрсетуі кемінде екі себеппен түсіндіріледі.

Биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметов табиғатта бәрі тіршілік үшін күреспен байланысты екенін жеткізді.

Айлакер аңның тұрғын үйлерге, мысалы, Усолка шағын ауданына жақын келуі, ең алдымен, қорек базасының орын ауыстыруымен байланысты. Түлкілердің негізгі қорегі ұсақ кеміргіштер. Күзде және қыста аймақта екі рет жаңбыр жауды. Алғашқысы желтоқсанда, сол кезде қар жамылғысы қалыптаса бастайды. Әуелі қар жауды, кейін жаңбыр жауып, қос қабатты қыртыс пайда болды. Кейін тағы аздап қар түсіп, тағы бір жаңбырдан екінші мұз қабаты қалыптасты, деп түсіндірді Қанат Ахметов.

Осыған байланысты кеміргіштердің қозғалысы қиындады. Жұмсақ қарда олар әлі де жүре алатын, бірақ мұз қабатының астында қозғалу тым қиынға соқты. Сондықтан тышқандар да елді мекендерге, яғни, адам немесе техниканың көмегімен пайда болған жұмсақ жерлерге жақындай бастады.

Кеміргіштер мұз қабатын бұза алатын жерлерді іздейді. Бұл әсіресе ұсақ түрлерге дала және майда тышқандарға маңызды. Мен өзім бірнеше тышқанды өзен вокзалы мен құтқару станциясының жағалауында көрдім. Олар өте кішкентай жануарлар. Әдеттегі соқпақтарын тастап кеткен, себебі қозғалу қиынға соқты. Мұз қабаты бұзылған жерде олар жол табады. Ал олардың соңынан түлкілер келеді, деді Қанат Ахметов.

Қыста түлкілердің негізгі азығы осы кеміргіштер. Бірақ түлкілердің батыл мінез танытуының тағы бір себебі болуы мүмкін.

Биологтың айтуынша, егер түлкілер адамдардың үйіне тым жақын келсе, бұл аурумен байланысты болуы ықтимал. Өйткені, ауруға шалдыққан аң сақтығын жоғалтады.

Түлкі ақылды әрі сақ жыртқыш, сирек жағдайда ғана агрессия танытады. Дегенмен, аулақ болған жөн.

Түлкілерден бөлек, биылғы қыста павлодарлықтар қанатты жыртқыштарды да байқады. Кенжекөлде ауыл тұрғындары жас үкілерді көрген, олар азық іздеп келген. Үкі қоян, кеміргіш, кірпі, тіпті, үй құстарымен де қоректенеді.