Полиция Екібастұзда жаппай төбелес ұйымдастырғандарды анықтады

Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұма күні Екібастұздағы «На углях» атты дәмхананың VIP-залын жалға алған жиырма ер адам түнгі сағат екіде мекеме жабылғанына қарамастан, дәмханадан кетуден бас тартқан. Осыған байланысты мекеме қызметкерлері күзет қызметін шақыруға мәжбүр болған.
VIP-залдың қонақтары оқиға орнына келген жеке күзет агенттігінің қызметкерлеріне бағынбай, жаппай төбелес бастаған. Нәтижесінде бес күзетші әртүрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.
Екібастұз қалалық ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық бес күзетшіден жабық бас-ми жарақаты анықталған.
– 1974 жылы туған пациентке қосымша кеуде тұсының соғылуы диагнозы қойылды, бірақ ол ауруханаға жатудан бас тартты. 23, 46 және 40 жастағы үш науқас жабық кеуде жарақатымен жеткізіліп, кейін емделуден өз еркімен бас тартты. Ал 25 жастағы күзетші жұмсақ тіндердің соғылуы, көз маңындағы гематома және шынтақ буынының соғылуымен травматология бөліміне жатқызылып, кейін жағдайы жақсарып, шығарылды, – деді ауруханада.
Төбелес ұйымдастырғандар оқиға орнынан қашып кеткенімен, полицейлер құқық бұзушыларды ұстай алды.
– Төбелеске қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бес адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады. Қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне заң аясында баға берілмек.