Павлодар және Абай облыстарында акцизсіз темекі бумаларын сатуға жол берілмеді
Бір мезгілде екі өңірде үш жүк автокөлігі тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық медиа порталының мәліметінше, Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Абай облысындағы әріптестерімен бірлесіп, акцизсіз темекі өнімдерін өткізу арнасының жолын кесу бойынша ауқымды операция жүргізді.
Көліктерді тексеру кезінде акцизсіз, жалпы саны 2 млн бумадан астам түрлі маркалы темекі табылды. Ал жүк көліктерінің жүргізушілері сантехниканы тасымалдауға арналған құжаттарды көрсеткен.
– Жиналған материалдар экономикалық тергеп-тексеру қызметінің өңірлік департаменттеріне берілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 214-бабымен (Заңсыз кәсіпкерлік қызмет) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Аталған облыстардың мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары темекі өнімдерінің нарықтық құнын анықтады. Ол 3 млн АҚШ долларынан немесе 1,5 млрд теңгеден асады.