Павлодарлық оқушы үйінде жеке кітапханасын жинақтады
Жас кітапкеміргіш үшін кітап оқу сүйікті ермегіне айналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
10 жастағы Ерназар Дүйсенбай — дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 гимназияның 5-сынып оқушысы. Ол бала кезінен бастап кітап оқуға ерекше қызығушылық танытып келеді. Соңғы бірнеше жылда қазақ және шетел авторларының 70-тен астам шығармасын оқып шыққан. Мұғалімдері Ерназардың көп оқитынын, дүниетанымы кең екенін және түрлі тақырыпта еркін ой қозғай алатынын байқап, ерекше атап өтуде.
Баланың анасы Гүлнұр Сүйіндікованың айтуынша, кітапқа деген сүйіспеншілік Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесінен басталған.
– Бұл повесте жазушы ауылдың қарапайым баласы Мұраттың спорттық жеңіске жету жолын көрсетеді. Соқпақбаев шығармаларында сөздің ерекше күші бар – Ерназар кітаптан бас алмай оқитын, – дейді анасы.
Оқуға деген әдет отбасында қалыптасқан: кешкісін ата-анасы мен ұлы бірге кітап оқып, оқиға желісі мен кейіпкерлерді талқылайтын болған.
– Ол кішкентайынан өте ізденімпаз, көшедегі жазулар мен жапсырмаларды да оқып жүретін. Бәрі қарапайым кітап дүкенінен алғашқы кітап сатып алудан басталды, – деп еске алады Гүлнұр Сүйіндікова.
Бүгінде оқу Ерназар үшін жай ғана хобби емес, өмірінің бір бөлігіне айналды. Ол үйде де, жолда да, мектептегі үзілісте де кітап оқиды. Күніне 200 бетке дейін оқып үлгереді. Ерназардың сүйікті жанрлары – фэнтези мен ғылыми фантастика. Сүйікті авторларының қатарында Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Момбек Әбдіәкімұлы, Джоан Роулинг және Джон Рональд Руэл Толкин бар. Ал оны ең көп шабыттандыратын кейіпкер – Гарри Поттер.
Үй кітапханасының сөрелерін Жюль Верн, Роберт Льюис Стивенсон, Марк Твен және Джонатан Свифт шығармалары безендіріп тұр.
– Кітап оқу оның ойлау қабілетіне, дүниетанымына және тіліне зор әсер етті. Соңғы үш жылда біз мүлде басқа адамды – білімге құштар, мақсаткер тұлғаны көріп отырмыз, – дейді қуана анасы.
Отбасы ұлының әуестігін барынша қолдайды: жаңа кітаптарды бірге таңдап, дүкендер мен кітапханалардан іздейді, оқығандарын талқылайды. Ерназардың ерекше мақтанышы – жеке кітапханасы. Қазір оның қорында 70-тен астам кітап бар. Әрқайсысы білім мен даналықтың нышаны саналатын үкі бейнеленген және Ерназардың аты жазылған жеке мөрмен белгіленген.
Анасының айтуынша, оқылған кітапты мөрмен белгілеу идеясы кітапханаға даралық пен стиль беруге деген ұмтылыстан туған. Енді әр кітап – жай ғана білім көзі емес, Ерназардың жеке қазынасындағы қымбат дүние.
Ерназар сондай-ақ қала мектептерінде өткен «Оқитын мектеп» жобасына қатысып, бастауыш сынып оқушыларына кітап оқып берді. Бұл бастама арқылы ол жас буынның кітапқа қызығушылығын арттыруға үлес қосты.
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада оқырмандардың қызығушылығы уақыт өте өзгеретініне қарамастан, жақсы кітаптарға деген сүйіспеншілік ешқашан жоғалмайтыны атап өтілді.
– Қазіргі балалар көбіне фэнтези, комикстер, Харуки Мураками, Агата Кристи және Стивен Кинг шығармаларын таңдайды. Ал ересек буын жеңіл оқылатын кітаптарға көбірек мән береді. Дегенмен қазақстандық әдебиет пен тарихи тақырыптағы туындылар әлі де сұранысқа ие, – дейді кітапхананың абонемент секторының меңгерушісі Гүлнар Жұмабаева.
Көптеген павлодарлық үшін кітап оқу өмірдің маңызды бөлігі болып қала беруде.