Бибісара Асаубаева Үндістандағы турнирде төртінші мәрте жеңіске жетті

Бибісара Асаубаева Үндістандағы турнирде төртінші мәрте жеңіске жетті

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінің үшінші кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жеңісінен кейін ол турнирдің көшбасшылар тізіміне қайта оралды.

Жарыстың алтыншы кезеңінде Бибісара Асаубаева ресейлік белгілі шахматшы Полина Шуваловадан басым түсті. Бұл – қазақстандық спортшының аталған турнирдегі төртінші жеңісі. Осылайша, 4 балға ие болған ол турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан Чжу Цзиньэрге жетті. Қытайлық шахматшы әзірге бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.

Бибісара Асаубаева бүгін, 1 сәуірде үндістандық тәжірибелі шахматшы Хампи Конерумен шеберлік байқасады. Қарсыласы бұдан бұрын Азия чемпионы атанған.

Осы турнирде Бибісара Асаубаева бір мәрте жеңіліп, ресейлік Александра Горячкинаға есе жіберіп қойды. Ал, Нино Батсиашвили (Грузия), Рамешбабу Вайшали мен Харикой Дроновалли (екеуі де – Үндістан) сынды қарсыластарынан басым түсті.

Еске салсақ, сәуір айында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтеді.