Павлодарлық университет халықаралық QS Stars рейтингінен төрт жұлдыз алды
Аталған жүйе елуден астам көрсеткішті қамтып, жоғары оқу орны қызметін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, бағалау қорытындылары бойынша университет «Білім беру», «Жұмыспен қамту» және «Басқару» бағыттарында ең жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бес жұлдызға ие болды. Бұл көрсеткіштер мамандар даярлау сапасының жоғарылығын және басқару үдерісінің тиімді ұйымдастырылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар оқу орны ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастық салаларында да халықаралық талаптарға сай келетін деңгей көрсетті.
Аталмыш төрт жұлдызды рейтингке ие болу университет ұжымының білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми қызметті дамыту және жаһандық деңгейдегі позицияларын нығайтуға бағытталған бір жылдық жүйелі еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Университет басшылығы осы айтулы жетістікпен профессор-оқытушылар құрамын, қызметкерлер мен білім алушыларды құттықтап, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруда сәттілік тіледі.