РАНТ мүшесі Павлодар облысында жат ағымнан сақтану жайлы уағыз өткізді
ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев арнайы қызметтік іссапармен Павлодар облысында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі іссапардың алғашқы күнін Павлодар қаласына жақын орналасқан тергеу изоляторы №63, №45 түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге дәстүрлі ислам, жат ағымнан сақтану бағытында уағыз айтып, кейбір жазасын өтеушілермен жеке кездесу жүргізді.
Сонымен қатар Павлодар қалалық Ақмешіт мешітінде бесін намазында, Ақсу қалалық мешітінде ақшам-құптан намазы аралығында жамағатпен кездесіп, имандылық, мейірімділік және қайырымдылық туралы уағыздар жүргізді.
Мақсатбек Мақсотұлы екінші күні, яғни қасиетті жұмада облыстық «Атамекен» бизнес орталығы қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуде ата-бабаларымыздың тұтынып келген дәстүрлі ислам діні тақырыбында әңгіме қозғап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Бұдан басқа, орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. ҚМДБ, «Зекет» қорынан атқарылып жатқан іс-шаралар, алдағы бағыт-бағдары туралы және қайырымдылық, мейірімділік тақырыбында келелі әңгіме өрбітті. Екібастұз қалалық мешітінде болып, ақшам-құптан намазы аралығында жиналған жамағатқа дәстүрлі ислам, жат ағым жетегінен сақтану бағытында уағыз-насихаттар айтып, жамағат тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.