Референдум алдындағы үгіт аяқталды

Референдум алдындағы үгіт аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Түнгі сағат 00:00-ден бастап «тыныштық күні» басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық референдум комиссиясы бүгін республикалық референдум алдындағы үгіт өз мәресіне жеткенін, енді референдум алдында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын мәлімдеді.

Референдум қарсаңында үгітке және қоғамдық пікірге сауал жүргізуді жариялау бойынша шектеулер күшіне енеді.

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік республикалық референдум қарсаңында үгіт жүргізу және қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялауды реттейтін заңнаманың негізгі талаптарын атап өтті.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдум қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

- Ертең сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні - 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушылары үшін міндетті, - деді Ләззат Сүйіндік.

Дауыс беретiн жерлерден басқа орындарда бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың сақталуы мүмкiн.

Осы ретте Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу ережелеріне жекелей тоқталып өтті.

Айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауал жүргізу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

Атап айтқанда, аталған заңның 28-бабының 9-тармағы дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні тікелей қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдумның алдын ала  қорытындылары және референдуммен байланысты басқа да зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн платформаларда жариялауға тыйым салады.

- Заң сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге нақты талаптарды белгілейді. Олар дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді. Мұндай сауалдар тек учаскелік комиссиясының шыға берісінде және тиісті түрде Орталық референдум комиссиясын хабардар еткен заңды тұлғалар жүргізе алады», – дейді Ләззат Сүйіндік.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.