Павлодарда жүрекке шағын тілік арқылы күрделі ота жасалды

Павлодарда жүрекке шағын тілік арқылы күрделі ота жасалды
Фото: кардиологиялық орталықтан

ҚР ПІБ Медициналық орталығының кардиохирургтары өңір дәрігерлерімен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның мақсаты – өңірде жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмекті дамыту және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру.

Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Тойбаевтың айтуынша, Павлодарға келген мамандар екі күрделі операция өткізуді жоспарлаған.

Алғашқы операцияны сәтті орындадық. Бұл – жасанды қанайналым жағдайында шағын тілік арқылы жасалатын аортокоронарлық шунттау операциясы. Мұндай әдіс жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастарға қолданылады. Бұл операция кезінде кеуде сүйегі жарылмайды. Хирургтер қабырғалардың арасынан небәрі 7-10 сантиметрлік тілік жасап, арнайы құралдардың көмегімен жүрекке ота жасайды. Кеуде сүйегі бүтін сақталатындықтан, операциядан кейінгі ауырсыну азаяды, оңалту мерзімі қысқарады және науқас күнделікті өміріне әлдеқайда ертерек оралады, – дейді кардиохирург.

Әлібек Тойбаевтың сөзінше, бұл технология әлемде өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан бері қолданылады. Арнайы хирургиялық жабдықтың көмегімен жасалатын мұндай операциялар бүгінде көптеген жетекші кардиохирургиялық орталықтардың тәжірибесіне енгізілген.

Кардиохирургтің айтуынша, жүректің ишемиялық ауруы – әлемде де, Қазақстанда да өлім-жітімге жиі себеп болатын жүрек-қан тамырлары ауруларының бірі.

Бұл ауру атеросклероздың салдарынан дамиды. Холестерин қан тамырларының қабырғасына жиналып, олардың саңылауын тарылтады. Соның салдарынан жүрек бұлшықетіне қан жеткіліксіз барады. Егер қан ағымы толық тоқтаса, инфаркт дамиды. Ал бұл жүрек қызметінің әлсіреуіне, жүрек жеткіліксіздігіне, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, – деді дәрігер.

Операция жасалған алғашқы науқас – 60 жастағы әйел. Дәрігерлердің айтуынша, оның жүрегін қанмен қамтамасыз ететін негізгі тамырлардың бірі қатты тарылған.

Науқаста сол жақ қарыншаның негізгі бөлігін қанмен қамтамасыз ететін алдыңғы қарыншааралық артерия зақымданған. Егер осы жерде тромб пайда болып, тамыр толық бітелсе, жүрек бұлшықетінің едәуір бөлігі жансызданар еді. Біз аортокоронарлық шунттау жасап, қан айналымын зақымданған бөлікті айналып өтетіндей етіп қалпына келтірдік, – деді Әлібек Тойбаев.

Бағдарлама аясындағы екінші операция жүрек қақпақшасының ақауы бар ер адамға жоспарланған. Дәрігердің айтуынша, науқаста жүрек қақпақшасы өз қызметін дұрыс атқармайды. Соның салдарынан қан кері ағып, жүрекке артық күш түседі. Бұл өкпедегі қысымның жоғарылауына, ентігуге және жүрек жеткіліксіздігіне әкеледі. 

Біз аз инвазивті тәсілмен қақпақшаны қалпына келтіріп, тірек сақинасын орнатуды және қажет болған жағдайда қосымша хордаларды имплантациялауды жоспарлап отырмыз, – деді дәрігер.

Әлібек Тойбаевтың айтуынша, ҚР ПІБ Медициналық орталығының мамандары осындай көшпелі шеберлік сабақтарын еліміздің әр өңірінде тұрақты өткізіп келеді.

Біз бұған дейін Шымкентте, Көкшетауда, Талдықорғанда және басқа қалаларда жұмыс істедік. Жергілікті медициналық ұйымдардың сұранысы бойынша өңірдің техникалық мүмкіндігі бағаланып, науқастар іріктеледі. Осыдан кейін біздің мамандар келіп, күрделі операцияларды жасап қана қоймай, жергілікті дәрігерлерге тәжірибелік оқыту жүргізеді. Басты мақсат – жоғары технологиялық медициналық көмекті еліміздің барлық өңірінде қолжетімді ету, – деп түйіндеді кардиохирург.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Райхановтың айтуынша, Ұлттық госпиталь мамандарының қатысуымен өткен екі күндік шеберлік сабағы өңірде аз инвазивті кардиохирургияны дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Павлодарда мұндай операциялар 2015 жылдан бері жасалып келеді. Осы уақытқа дейін шамамен 60 аз инвазивті операция жасадық. Ал Әлібек Тойбаев пен оның командасының тәжірибесінде мұндай операциялардың саны 600-ден асады. Сондықтан біз оларды арнайы шақырып, тәжірибелерімен бөлісуді сұрадық. Негізгі мақсат – біздегі технологияны одан әрі жетілдіріп, күнделікті тәжірибеге кеңінен енгізу, – деді бөлім меңгерушісі. 

Кардиохирургтің айтуынша, мұндай күрделі операцияларда хирургтің ғана емес, бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарады. Сондықтан Астанадан тек хирургтер ғана емес, анестезиологтар мен перфузиологтар да келді.

Шеберлік сабағы барысында елордалық мамандар өздері қолданатын арнайы хирургиялық құрал-жабдықтарды да ала келген.

Олар алып келген арнайы ретрактор хирургке шағын тілік арқылы жұмыс істеуге, жүрек пен қан тамырларын жақсырақ көруге мүмкіндік береді. Бұл операцияның сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Біз де осы жабдықты сатып алып, өңірімізде толық енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Мұрат Райханов.

Оның айтуынша, қажетті құрал-жабдық – аз инвазивті операцияларға арналған арнайы ретрактордың  құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды. Қазір оны сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр.

Кардиологиялық орталық биылғы жылдың соңына дейін жаңа технологияны толық меңгеріп, аз инвазивті әдіспен шамамен 10 операция жасауды жоспарлап отыр.