Шарбақты колледжі қоқыс контейнерлерін өндіруді бастады
Осылайша студенттер тәжірибені өндіріспен ұштастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандағы аграрлық-техникалық колледжде болашақ дәнекерлеушілер алған білімдерін тәжірибеде қолданып жүр. «Дәнекерлеу ісі» мамандығында білім алатын студенттер өндірістік оқыту шебері Ерлан Әбдіғалиқовтың жетекшілігімен кәсіби машықтарын жетілдіруде. Сабақ барысында олар дәнекерлеудің түрлі тәсілдерін меңгеріп, металлмен және арнайы жабдықтармен жұмыс істеуді, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтауды үйренеді.
Жуырда колледж басшылығы қоқыс контейнерлерін өз күшімен өндіруді қолға алды. Осы мақсатта қажетті материалдар сатып алынып, сызбалар әзірленді. Өнімдерді дайындауға өндірістік оқыту шеберімен бірге студенттер де қатысып, өндіріс процесінің барлық кезеңінен өтуде.
Алғашқы дайын контейнерлер өз сатып алушыларын тапты. Алдағы уақытта колледж өндіріс аясын кеңейтіп, қоқыс жәшіктері мен басқа да металл конструкцияларын шығаруды жоспарлап отыр.